БҚО-да өрт қаупіне байланысты 10 балалар лагері есепке алынды
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өрт қаупіне байланысты жоғары тәуекел дәрежесіне жататын 10 балалар жазғы демалыс лагерін есепке алды.
БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Рашид Блялов мәлім еткеніндей, олардың басым бөлігі Орал қаласы сыртында, соның ішінде орманды дала аймағында орналасқан.
Р. Бляловтің сөзіне қарағанда, жыл басынан өрт қауіпсіздігі саласында 2 балалар жазғы сауықтыру лагерін профилактикалық бақылау және қадағалау жоспарланған болатын. Профилактикалық бақылау 1 нысанда жүргізілді, соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарының 10 бұзушылығы анықталды. 1 нысан меншік иесінің ауысуы себебінен бақылаудан алынды.
«Бақылау қорытындысына сәйкес лагерь басшысына бұзушылықтарды жою мерзімі көрсетілген ұйғарым берілді. Департаменттің облыс аумағындағы бөлімшелері жазғы сауықтыру лагерьлерінің басшыларымен және қызметкерлерімен өрт қауіпсіздігі тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ұсыным хаттарын таратты», – деді Р.Блялов.
Сонымен қатар жағажайларда суға түскен кезде қауіпсіздікті сақтауға айрықша мән беріледі. Облыста жағажайы бар 4 лагерь жұмыс істейді. Олардың өтініштеріне сәйкес департаменттің сүңгуіршілері жағажайлардағы су айдынының түбін тексеріп, тазартты және қағидаларға сәйкес ұсыныстар берілді.
БҚО білім басқармасының мәліметі бойынша облыс бойынша балаларды жүзуге үйрететін 34 рамалық-модульдік бассейн бар.
Сол секілді өңірде барлығы 25 жағажай болса, соның 19-ы жұмыс істеп жатыр, қалғандары дайындық шаралары толық аяқталғаннан кейін ашылады.
«Биыл облыс су айдындарында адам өлімі тіркелген жоқ. Өткен жылы осы мерзімде екі адам суға кетсе, соның біреуі бала болатын. Жыл басынан бері республика бойынша 69 адам суға кетсе, соның 23-і – балалар. БҚО ТЖ департаментінің күшімен биыл 3 бала суға батып кетуден дер кезінде құтқарылды. Қорыта айтқанда, балалар лагерьлерінде және жағажайлар мен су айдындарында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау керектігін еске саламыз», – деді Р.Блялов.
Дереккөз: Іnform.kz