Қазақстанның батысында электр энергиясы бойынша қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін
Бұл Орал-Атырау-Маңғыстау желісі бойынша транзитке жүктеме түсірмеу үшін қажет.

Бүгін Қазақстанның батысында электр энергиясы бойынша қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл туралы KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, таңғы сағат 9-дағы жағдай бойынша Атырау энергия торабында шектеулер жоқ. Маңғыстау энергия торабы бойынша өнеркәсіптік тұтынушылар үшін 65 мегаватт көлемінде шектеу бар.
«Бұл шектеулер электр энергиясының тапшылығымен байланысты. Өйткені жылу станциясында қуаты 140 мегаватт 1 блогы әлі іске қосылған жоқ, өтінім – жұма сағат бірге дейін. Сондай-ақ қуаты 220 мегаватт «»Karabatan Utility Solutions» ГТС-те 40 сағатқа санкциялық бұғат қосылу салдарынан генерация толығымен жоғалған. Өтініш ертең сағат 12.00-ге дейін», – деді Молдабаев үкімет отырысында.
Ол бүгін республиканың батысында электр энергиясы бойынша шектеулер енгізілуі мүмкін екенін ескертті.
«Бүгін электр энергиясын тұтыну өскен жағдайда қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін. Бұл Орал-Атырау-Маңғыстау желісі бойынша транзитке жүктеме түсірмеу үшін қажет», – деді KEGOC басшысы.
Осыған байланысты Молдабаев өңірдегі электр станцияларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Батыс аймақтың электр станцияларының жүйелі реттегіштерін тексеру қажет жеп санайды.
Еске салсақ, 3 шілде күні МАЭК энергоблоктарының бірі істен шықты. Соның салдарынан Маңғыстау мен Атырау облыстарында өнеркәсіптік кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.
“ҚазМұнайГаз” мәліметінше, компанияға қарасты кен орындарында биыл электр қуаты жалпы 153 рет үзілген, бұл 75 мың тонна мұнай көлемінің өндірілімеуіне әкелді.
«Біз электр энергиясын таратудағы ақаулардың жиілеп кеткенін байқап отырмыз. Егер 2017 жылдан 2019 жылға дейін біздің компания дәл осындай себеппен өндірісте 3 700 тонна мұнай жоғалтса, 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш 45 мың тоннаға дейін өсті. Кеше біздің шығын 2,5 мың тонна мұнайды құрады. Қазіргі кезде алдымызға қойылған өндірістік бағдарламаны орындай алмау қаупі туындап отыр», — деп атап өтті «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директоры Нұрсейіт Союнов.
Ал «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының сөзінше, компанияның 2023 жылдың 6 айында электр қуатының үзілуіне байланысты шығындары (1 млрд 267 млн теңге) өткен екі жылдағы шығын көлемінен асып жығылған. Оның айтуынша, бұл электр желілері инфрақұрылымының тозығы жеткенін айғақтайды.