БҚО-да жыл басынан бері қоғамдық көмекшілердін көмегімен 56 қылмыс ашылған
Батыс Қазақстан облысында қоғамдық көмекшілердің белсенділігі нәтижесінде 2023 жылдың басынан 56 қылмыс ашылып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 486 азамат ұсталған.

БҚО Полиция департаментінде Жергілік полиция қызметі басқармасы қызметкерлері қоғамда құқықтық бұзушылықтың алдын алуда белсенділік танытқан қоғамдық көмекшілермен және волонтерлық ұйым өкілдерімен кездесу ұйымдастырды.
2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының «Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуы туралы» Заңы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2004 жылғы 27 қарашадағы «Азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша іс-шараларға тарту ережесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облысы аумағында құрамында 2 312 азаматтан тұратын 235 қоғамдық құқық қорғау құрылымдары құрылған болатын.
Азаматтардың қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге қатысуы олардың ішкі істер органдарына көмек көрсетуі арқылы жүзеге асырылады.
Қоғамдық көмекшілердің белсенділігі нәтижесінде 2023 жылдың басынан 56 қылмыс ашылып, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 486 азамат ұсталды.
Қазақстан Республикасы Президентімен 2020 жыл «Волонтерлар жылы» деп жарияланғаннан бастап БҚО ПД Жергілікті полиция қызметі әр түрлі шаралар өткізу кезінде ерікті волонтерларды тартып келеді.
Бүгінгі таңда Полиция департаментіне қол ұшын созып, әрдайым жәрдемдесуге дайын тұратын бірқатар волонтерлар ұйымы бар. Олар: «Орал студенттер Альянсы», республикалық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі, «Аманат» партиясы жанындағы «Жастар рухы», «Ақжайық жастары», «Орал жастары», «Батыс Қамқор» волонтерлік ұйымы, «Орал қаласының студенттер альянсы» корпоративтік қоры, «Qadam» эко жобасы.
Аталған қоғамдық көмекшілер мен волонтерлар ұйымының көмегімен көптеген жұмыстар атқарылуда.
Мысалы: «Түнгі қаладағы балалар», «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты анықтау барысында «Орал жастар», «Орал қаласының студенттер альянсы» корпоративтік қорымен, «Ақжайық волонтерлары» еріктілерімен бірге рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі БҚО жастар саясаты бойынша басқармасымен, «Жайық таңы» үкіметтік емес ұйымдармен және волонтерлармен бірге Орал қаласы мен облыс аумағында орналасқан 250-ден астам тұрмыстық жағдайы төмен отбасылар тексерілді. Тексеру барысында волонтерлық топтар қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсетіп, спорттық, шығармашылық үйірмелерге тіркеді. Ал есепте тұрған ата-аналар әр түрлі мамандар кеңесін тыңдады.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу мәселелері бойынша өткізілген ата-аналар жиналысында ҚР ҚК-нің 122, 188, 190-баптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді, қылмыстың алдын алу бағында үлестірме парақшалары таратылды. Жиналыс барысында ЖПҚБ Ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың 137 заңды өкілдеріне құқықтық көмек пен кеңестер берді. Жалпы барлық оқу орындарына БҚО ПД ЖПҚБ ЮПб қызметкерлері мен «Жайық жастары» ҮЕМ мен «Орал жастары» волонтерларымен 300-ге жуық ақпараттық-құқықтық жадынамалар дайындалды.
Сондай-ақ, 2020 жылы республикамыздың аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еріктілер карантин кезінде де қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша профилактикалық шараларды өткізуге белсене ат салысты. Аталған кезеңде қиын жағдайға тап болған, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түлік алуға демеушілік көрсетіп, балаларына оқуға арналған материалдық – техникалық құралдармен қамтамасыз етті.
- Біз полиция қызметкерлерімен бірге көптеген іс-шаралар атқарып, қайырымдылық көмек те көрсетіп келеміз. Жалпы маған адамдарға көмегімді тигізумен байланысты қызметім өзіме ұнайды. Мен полициямен екі жылдан бері біргемін. Осы кезең ішінде 50 мектеп, 18 колледж, 3 университетте есірткі қылмысының алдын алу, жасөспірімдерге қарсы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, мәдени-спорттық бағытында семинар-кеңестер ұйымдастырдық,- деді волонтер Мырзахметова Әсел Қожахметқызы.
2023 жылдың басынан қоғамдық тәртіпті сақтауда белсендік көрсеткені үшін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін 149 қоғамдық құрылым мүшелері ынталандырылды.
«Бұл кездесудің мақсаты – еріктілер құрамындағы азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін қоғамдық көмекшілер қатарына шақыру болатын. Қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенділік көрсетіп және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз еткені үшін заңмен грамотамен, алғыс хаттармен марапаттау, сондай-ақ, ақшалай сыйақымен марапаттау көзделіп отыр», деп хабарлады ведомстводан.