Батысқазақстандықтар уәдеге сеніп 770 млн теңгеден айырылды
Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша Chia Tai Pharmaceutical компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми Telegram-каналында хабарланды.

Қаржы пирамидасын басқару фактісі бойынша «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясының өкілдеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді ҚМА БҚО бойынша департаменті жүргізіп жатыр.
Бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, жоғары және тұрақты табыс әкелуге уәде берді.
Сонымен бірге, «Chia Tai Pharmaceutical» жеке тұлғалардан ақшаны алып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген.
Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 млн теңгеден асады.
Қазіргі уақытта қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз.
Азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында қаржы пирамидасын құру фактісі бойынша Chia Tai Pharmaceutical компаниясына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Сол кезде 541 млн теңге шығын туралы хабарланды.
Қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қарастырылған жаза
ҚР ҚК 217-бабына сәйкес:
1. Қаржылық (инвестициялық) пирамида құру, яғни осы активтерді қайта бөлу және басқалардың жарналары есебінен кейбір қатысушыларды байыту жолымен қабылданған міндеттемелерді қамтамасыз ететін кәсіпкерлік қызметке тартылған қаражатты пайдаланбай жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшаны немесе өзге мүлікті не оған құқықты тартудан табыс (мүліктік пайда) алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы немесе оның құрылымдық бөлімшесін басқару –
мүлкі тәркіленіп, бір мыңнан үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осыған ұқсас әрекеттер:
1) алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып;
4) ақшаны немесе өзге де мүлікті не оған құқықты ірі мөлшерде тарта отырып,
– үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, жасалған іс-әрекеттер:
1) қылмыстық топпен;
2) ақшаны, өзге де мүлікті не оған аса ірі мөлшерде құқықты тарта отырып;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам, егер олар өзінің қызметтік жағдайын пайдаланумен ұштасқан болса,
– мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге, ал 3) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан айыруға жазаланады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БҚО-да қаржылық компания қызметінен зардап шеккендерді іздеуде
