Шалқар көлінде үрлемелі матраста отырған әйелді толқын жағадан алып кеткен
Оқиға 30 шілде күні кешке Шалқар көлінде болған. Әйел жағадан алыс жерге үрлемелі матраспен жүзіп кеткен. Оған құтқарушылар көмектескен.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 30 шілде күні Теректі ауданы Сарыөмір ауылы маңындағы Шалқар көлінде болды.
«Сағат 19.19-да Шалқар көлінде жел салдарынан матрацтағы бір адамды толқын алып бара жатқаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен БҚО ТЖД жедел құтқару жасағы 38 жастағы әйелді аман алып қалды. ТЖ департаменті суға шомылу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтау керектігін еске салады», – деп хабарлады ведомстводан.
Бүгінгі әйелді қосқанда, 10 адам құтқарылса, соның жетеуі – бала.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі суға түсу маусымы басталғалы (1 маусымнан бері) облыста алты адам суға кеткенін атап өтті. Республика бойынша су айдындарынан барлығы 78 адам қаза тапқан. Оның 21-і балалар.