Қазақстанда дәптер мен қалам күрт қымбаттады
Қазақстанда соңғы бір жылда қалам-қағаз бен басқа да кеңсе тауарлары айтарлықтай қымбаттаған.

Ұлттық статистика бюросының 8 тамыз күнгі мәліметінше, кеңсе тауарларының бағасы 2022 жылдың шілде айымен салыстырғанда 2023 жылдың шілдесінде 64,4% қымбаттаған.
«Атап айтқанда, мектеп дәптері – 77,2%, қалам – 38,6%, түсті қарындаштар – 41,9%, сурет альбомы – 44,1% қымбаттады», – делінген статистика бюросы таратқан хабарламада.
Статистиктер тамыз айының дерегін әлі жарияламаған, дегенмен кеңсе тауарларының бағасы оқу жылының қарсаңында қымбаттай түсетіні анық.
Жалпы, өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда кеңсе тауарларының бағасы 2023 жылдың шілдесінде 64,4% өскен.
Айта кетейік, Қазақстан инфляция деңгейі жөнінен ЕАЭО елдерінен алда тұр. Мамыр айының қорытындысы бойынша Қазақстанда бағаның жылдық өсуі 14,6 пайызды құрады. Ал Қырғызстанда небәрі 10,5 пайыз.
Бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстандағы инфляцияны төмендету жолдарын ұсынған.
