Оқу мерзімі, балабақшаға тіркеудің жаңа форматы және тегін тамақ: Министрлік оқу жылына дайын ба

Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Қазір құзырлы органдар мен қатар балалар және ата-аналар қызу дайындалып жатыр. Биыл орта білім беру саласында қандай өзгерістер болады? Мектептердің материалдық базасы және қауіпсіздік жүйесі талапқа сай ма? Осы және өзге де орта білім беру мәселелері Үкімет отырысында қаралды.

Оқу-ағарту министрі баяндағандай, бүгінде балалардың 89,1% балабақшамен қамтылған. 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардан шыққан 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы балабақша тәрбиешілерінің еңбекақысын арттыруды тапсырған болатын. Биыл 1 қыркүйектен бастап олардың еңбекақысы 30%-ға көтерілетіні белгілі болды.

«Бұдан басқа, мектепке дейінгі ұйымдарда орындардың бөлінуін ашық жүргізу үшін жыл соңына дейін балаларды кезекке қоюды есепке алудың бірыңғай базасы әзірленуде. Оны толықтай іске қосу жылдың соңына дейін жоспарланып отыр», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

Министр айтқандай, биыл 364 мың бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдау мәселесі қозғалды. Биыл аталған санатқа жататын 460 мың балаға 65,3 млрд теңге қарастырылған.

Ведомство басшысы балаларды ыстық тамақпен қамту саласындағы жағымды жаңалығымен бөлісті. Ендігі асханасы жоқ мектептерде модульді тамақтандыру енгізіледі.

«Президенттің 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасын орындау мәселесі Үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды. Бүгінгі күні осы тапсырманы орындау үшін барлық өңірдің әкімдіктері тарапынан қажетті қаржы бөлінді. 1 қыркүйектен бастап 1 млн 400 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес асханасы жоқ мектептерде (669 мектеп) Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тамақтандыруды 3 тәсілі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, кейтеринг қызметін ұйымдастыру, модулді асханаларды құру, буфеттік тамақтану», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

БАҚ өкілдері оқу-ағарту министрінің алдында көпті толғандырған оқу жылының мерзіміне қатысты сауал жолдады. Ведомство басшысы өз кезегінде оқу жылының мерзімі жөнінде шешім осы аптада қабылданатынын айтты.

«Оқу жылының мерзіміне қатысты министр ретінде шешім қабылдауым керек. Бірақ шешім алдымен балалардың мүддесіне сай болуы керек. Мен ортақ келісімге келу бойынша тапсырма бердім. Оқу мерзіміне қатысты пікір екіге жарылды, бұл жерде мәселе кімдердің жеңетінінде емес. Бұл жерде алдымен балаларға білім беруде жағдай жасауымыз керек. Менің ойымша, жуырда аталған жайтқа қатысты нақты шешім қабылдаймыз. Осы аптада деп ойлаймын», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Оқу-ағарту министрлігі ұсынған мәліметтерге сәйкес, жаңа оқу жылында іске қосылатын 154 мектеп салынып жатыр. Жоспар бойынша жаңа мектептер уақтылы пайдалануға берілуі тиіс. Одан бөлек, тағы 102 мектеп пайда болмақ. Бұл өз кезегінде 12 апаттық және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешеді.

Үкімет отырысында белгілі болғандай, биыл мектептер 84% лицензияланған күзетпен қамтылады.

«Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша келесі жұмыстар жүргізілді. Алдымен мектептерді ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосу. Ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес бұл көрсеткіш 12 тамызда 83% болды. Егер жыл басында 1 673 мектеп қосылған болса, қазір бұл көрсеткіш 3 103 мектепке артып отыр. Алайда Алматы, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктері бұл жұмысты баяу жүргізіп жатыр. Сондықтан аталған өңірлер өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес жедел басқару орталықтарына қосылу бойынша жұмысты 25 тамызға дейін аяқтауы қажет», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында.

Одан бөлек, Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар бойынша Ішкі істер министрлігі есеп берді. Бүгінде ел мектептерінде қауіпсіздік құрал-жабдығымен қамту жағдайына тексеріс жүріп жатыр. Тексеріс барысында мектеп қауіпсіздігіне бейжай қараған 24 басшыға айыппұл салынған.

«Ішкі істер органдары 5 620 мекеменің қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталуын тексерді. Нәтижесінде 2 900 объектіде заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелерінің стандарттарға сәйкес келмеуі, дабыл түймелерінің жоқтығы, турникеттер мен лицензияланған күзеттің болмауы. Барлығы 24 басшы жауапқа тартылып, оларға 5,4 млн теңге айыппұл салынды. Қалғандарына кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді», – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысында.

Аталған ведомстводан келген тағы бір жаңалық ендігі уақытта полицейлер мектептегі бейнебақылау камераларын тікелей қадағалай алады.

«Сонымен қатар балалардың қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарға кемшіліктерді жою мәселесі де тұр. Мектептерді тиісті қауіпсіздік жүйелермен жабдықтауды және бейнебақылау камераларын полиция органдарына тікелей қосуды тез арада аяқтау қажет», – дейді Марат Қожаев Үкімет отырысында баяндама жасай тұрып.

Мектеп қауіпсіздігі бойынша күзет мекемелерімен шарттар жасасуды жеделдету үшін, Оқу-ағарту министрлігіне талаптарға сәйкес келетін лицензиясы бар ұйымдардың тізімі берілген.

Жаңа оқу жылына дайындық барысын Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылады. Алдымен Премьер-Министр барлық мектептің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтінін айтты.

«Білім беру объектілерінің қауіпсіздігіне де немқұрайлы қарауға жол бермеу керек. Білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түбегейлі шаралар қабылдау керектігіне қатысты бірнеше рет тапсырма берілді. Бұл мәселені жақында Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында да қарадық. Білім беру объектілерінің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына сай келмейді», – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, мектептердің 30%-дан астамы әлі күнге дейін полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған.

Сонымен қатар, Әлихан Смайылов оқу жылы қарсаңында шалғай ауылдарда көшпелі мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыруды және қолжетімді бағамен қамтуды жүктеді.

«Барлық білім беру объектілері оқу жылының басталуына 100% дайын болуы тиіс. Оқу-ағарту министрі, өңір әкімдері осы мәселелерді тікелей бақылауға ұстауы қажет. Өңір әкімдіктері көмекке мұқтаж балаларды 100% мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етуі тиіс. Шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендерді ұйымдастыру қажет», – деді Премьер-Министр.

Дереккөз: Іnform.kz

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2024-09-16
Утром16.88 ℃
Днем24.65 ℃
Вечером24.5 ℃
Ночью20.04 ℃
Влажность29 %
ДавлениеhPa 1026
Скорость ветра9.07 м/с
2024-09-17
Утром10.4 ℃
Днем20.3 ℃
Вечером19.35 ℃
Ночью12.84 ℃
Влажность26 %
ДавлениеhPa 1031
Скорость ветра6.74 м/с