Қазақстанда атом электр станциясының қайда салынатыны белгілі болды
Энергетика министрлігі Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының Алматы облысындағы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында бой көтеретінін мәлімдеді.

Ғалымдар жан-жақты зерттей келе бұл аймақты атом электр станциясын салу үшін қолайлы өңір деп таныған. Ауылдың өзі Балқаш көлінің жағасында орналасқан. Кеңес дәуірі кезінде мұнда су электр станциясын салу жоспарланған екен. Алайда бастама аяқсыз қалып, тұрақты табыс көзі болмағандықтан, тұрғындар жан-жаққа көшіп кеткен.
Қазір елді мекендегі көпқабатты 20 шақты үйде ғана адамдар тұрып жатыр. «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңның 12-бабына сәйкес, АЭС-ті салу туралы шешім сол ауылдың тұрғындарымен талқыланып, жергілікті атқарушы билікпен бірлесе мақұлдануы тиіс.
Энергетика министрлігінің ұсынған ақпаратында, Алматы облыстық мәслихаты нысанды тұрғызуға 2022 жылдың қараша айында-ақ келісімін берген. Дегенмен стратегиялық нысанды кім салатыны әлі нақтыланбады. Үміткерлердің арасында Корея, Франция, Қытай және Ресей бар.
Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды және мақұлданды.
«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган болып табылады.
Осыған байланысты, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданды.
АЭС салу мәселесі бойынша жобаны іске асыру кезеңдері төмендегі суретте көрсетілген
