БҚО-да көктемгі су тасқыны кезінде баспанасыз қалған тұрғындар қоныстойын тойлады
Биылғы көктемде Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданына қарасты біраз ауыл суға кетіп, тұрғындар баспанасыз қалған еді. Бүгінгі таңда көктемгі су тасқынынан зардап шеккен бөрліліктердің соңғы легі қоныстойын тойлады.

Жақында ғана Ақбұлақ ауылының тұрғындарын қуантқан шара Пугачев пен Кеңтүбек ауылында жалғасты. Көктемгі тасқын судың салдарынан баспанасыз қалған 9 отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды. Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге облыс әкімі облыс әкімі Нариман Төреғалиев арнайы келіп, қоныстой иелерін құттықтады.
«Биыл aya райының күрт өзгеруі облысымыздың біраз елді мекен тұрғындарын әбігерге салды. Оның ішінде Бөрлі ауданындағы Кеңтүбек, Пугачев, Аралтал, Қызылтал, Ақбұлақ ауылдары бар. Сіздер сын сағатта сабырлылық танытып, қиындыққа мойыған жоқсыздар. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жаңа үйлердің салынып біткенін көріп тұрмыз. Біз өз тарапымыздан Мемлекет басшысының қолдауымен арнайы қаржы бөліп, тез арада осы үйлерді пайдалануға беруді басты мақсат еттік. Осы тұста қысқа мерзімде сапалы баспана салып берген «Наз Тур» серіктестігінің басшысына ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі баспаналы болған әр отбасы мүшесінің қуанышына ортақтасып, әр шаңыраққа қуаныш, амандық тілеймін. Ауылымыз өркендеп, дами берсін, табиғаттың тосын сыйынан аман болайық», деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Облыс басшысы жұмыс сапарының соңында Кеңтүбек ауылындағы мектептің жағдайын көзбен көріп, ауылдағы электр желілерінің қайта жаңғырту жобасы бойынша жасалып жатқан жұмыстарды пысықтады.
Дереккөз: zakon.kz