Газ баллон жабдығы бар машиналар айыппұл тұрағына жіберіліп жатыр
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жабық паркингтерде газ жабдықтары бар машиналардың бар-жоғын тексеріп жатыр. Сонымен қатар тұрғындарға ондай машиналарды тұраққа қоюға тыйым салынатыны жайлы түсіндірілді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, елімізде «Газбаллон» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары да қалыс қалған жоқ.
24 тамызда Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері «Газбаллон» республикалық жедел алдын алу іс-шаралары аясында рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейд барысында Орал қаласының «Орал», «ASIA MALL» сауда-ойын-сауық орталықтарының, «Юнис сити» және «Олимп» тұрғын үй кешендерінің жерасты автотұрақтарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 4 фактісі анықталып, әкімшілік іс қозғалды. Аталған іс-шаралар барысында барлық автокөлік иелеріне қауіпсіздік талаптары жеткізілді.
Сонымен қатар рейд барысында автокөлік құралдарына тиісті рұқсатсыз газ-отын жүйесін орнатқан автокөлік иелерін анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаттары жоқ газ баллонды жабдықтары бар 5 автомашина айыппұл тұрағына жөнелтілді.
«Газбаллон» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
ТЖМ өрт қауіпсіздігі ережелерінде қозғалтқыштары сығылған табиғи газбен немесе сұйытылған мұнай газымен жұмыс істейтін газ баллонды жабдықпен жарақтандырылған, өзге мақсаттағы және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық типтегі үй-жайлар мен паркингтердегі автокөліктердің тұрағына тыйым салынғанын еске салады.
Дереккөз: Іnform