Қазақстанда 450-ден астам медициналық орталық жабылуы мүмкін
Қазақстанда 450-ден астам медициналық орталық жабылуы мүмкін, деп хабарлайды «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

«Қазіргі кезде Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін 257 жеке ұйымның 219-ында клиникалық-диагностикалық бөлімшесі жоқ. Демек, 219 ұйым медициналық көмек көрсету нарығынан шығып қалады. Мұндай жағдайға күндізгі стационарлар қалып отыр. Олар жаңа талап бойынша тіркелген тұрғындардың қажетті көлемі болмаса, пациенттерді қабылдай алмайды. Қазақстан бойынша олардың саны 239 бірлік. Осылайша Қазақстан бойынша 458 медциналық ұйым жабылу алдында тұр», – дейді Назгүл Қабдрахманова.
Министрлік медициналық ұйымдарды ірілендіруге арналған бұйрық жобасын әзірледі. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы бастамаға қарсы.
Кәсіпкерлер МӘМС аясында қызметтерді сатып алуға рұқсат алу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына (МСАК) кемінде 10 000 адам тіркеу талабымен де келіспей отыр. Себебі шағын қалаларда жеке меншік медициналық орталықтарды жабуға тура келеді. Оны Арқалықтағы медициналық орталықтардың құрылтайшысы Сәбит Әбдіқадырұлы да айтты.
Бөлу кезінде моноқалалар неге қарастырылмады? Біздің Арқалықта небәрі 25 мың тұрғын бар. Біздің емханаға бес мыңға жуық адам тіркелген. Бізге 10 мың адам тіркеу мүмкін емес. Осы көрсеткішке жету үшін тіпті 2-3 жыл уақыт берсеңіз де мүмкін емес көлем. Осындай нормалар белгіленсе, онда моноқалалардағы медициналық жеке сектор жойылады.
Дереккөз: kaztag.kz
