Қалияр Айтмұхамбетов БҚО әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Қазақстан Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Қалияр Шадиярұлы 1969 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы университетін және Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін ғалым агроном, заң ғылымдарының бакалавры мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 1986 жылы Шыңғырлау ауданы «Қызылкөл» кеңшарында жұмысшы болып бастаған.
Әр жылдары Шыңғырлау ауданы «Қызылкөл» кеңшары директорының жастармен жұмыс жөніндегі орынбасары, №2 Шоқтыбай бөлімшесінің агрономы, Шыңғырлау ауданы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Шыңғырлау ауданы жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
Күні бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының әкімі болып қызмет етті.
Қалияр Айтмұхамбетов энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария мәселелеріне жетекшілік ететін болады.