Ташкентте жойқын жарылыс болды – зардап шеккендер бар
28 қыркүйекке қараған түні сағат 2:43-те Ташкенттің Сіргелі ауданында «Inter Logistics» компаниясының қоймасында жойқын жарылыс болды.

Gazeta.uz-дің жазуынша, жарылыстан кейін қоймада өрт шыққан. Зардап шеккендер бар.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан жақын маңдағы үйлер, сауда және басқа да орталықтар айтарлықтай зардап шеккенін көруге болады. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Елдің төтенше жағдайлар министрлігі жарылыстың ұшақ апаты салдарынан болғаны жайлы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Жарылыс толқыны эпицентрден 30 шақырым жерде де сезілген. Жақын маңдағы үйлердің терезелері мен есіктері сынған.
Кейіннен Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі өнеркәсіп қоймаларының бірінде болған өрттен зардап шеккендер туралы хабарлады. Қоймаларға жақын орналасқан үйлердің тұрғындарына дәрігерлер көмек көрсеткен.
«Өрт салдарынан зардап шеккендер Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына және оның Ташкент облысындағы филиалына жеткізілді», — делінген ведомствоның Telegram-каналында.
Олардың арасында ауыр зардап шеккендер жоқ, қазір дәрігерлер халыққа қажет медицина көмегін беріп жатыр. Зардап шеккендердің саны нақтыланбады.
Newsach/Dvach Telegram арнасының хабарлауынша, Ташкенттегі жарылыстың алдын ала себебі кеден қоймасында сақталған электромобильдерге арналған аккумуляторлар болуы мүмкін. Әзірше оқиғаның қайда және қандай себеппен болғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Билік бұл оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Жарылыстың себебі белгісіз. Мамандар зардап шеккендер мен зақымданған нысандар санын анықтап жатыр.
