«Ақжайық» футбол клубының жас ойыншысы түркиялық «Бешікташ» футбол клубында жаттығатын болады
Енді жас футболшы Стамбұл қаласына жол жүреді.

Бір жылдан бері «Ақжайық-2014» командасында жаттығатын Алдияр Мұқанов жазда Алматы қаласына барып, іріктеудің бірінші кезеңінен өткен.
-Маусым айында Алматы қаласындағы «Бешікташ» клубының базасына барып, іріктеуден өттік. Еліміздің барлық аймағынан келген жүздеген жас ойыншы ішінен екінші кезеңге 6 ойыншы өтті,-дейді Алдиярдың анасы Баянсұлу Мұқанова.
Қыркүйектің басында елішілік іріктеуден өткен 6 бала Стамбұл қаласына барып, тағы іріктелген. Ол кезеңнен елімізден барған алты футболшының екеуі өтті. Соның ішінде біздің Алдияр да бар.
-Стамбұлда өткен іріктеу қиын болды. Мен 2013 командасында бір, 2014 жылы туған футболшылармен бір матч ойнадым. Бір апталық жаттығудан соң өткенімді білдім,-дейді Алдияр.
Енді жас футболшы Стамбұл қаласына жол жүреді. Алдиярдың Түркиядағы барлық шығынын «Бешікташ» өз мойнына алады. Қазіргі таңда Алдияр түрік тілін үйреніп жүр.