Белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 20 мыңнан астам қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Осы жылдың 9 айында 66 азамат пойыз астына түсті, оның жартысынан көбі көз жұмды, сондай-ақ 29 адам жарақат алған.

Белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 20 мыңнан астам қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деді көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«9 айында еліміз бойынша пойыздарды шұғыл тежеудің 1381 фактісі тіркелген, оның ішінде адамдардың болуына байланысты 305, темір жол төсемінде үй жануарларының болуына байланысты 902 және т.б. Белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін 20 819 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,- деді көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев.
Өткен демалыс күндері теміржолды кесіп өткен төрт адам Астана, Орал, Шу және Қызылорда станцияларында тіркелді.
«Жоғарыда көрсетілген фактілер бойынша құқық бұзушыларға ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігі (Белгiленбеген жерлерде темiржол арқылы өту) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды»,- делінген хабарламада.
Осы жылдың 9 айында 66 азамат пойыз астына түсті, оның жартысынан көбі көз жұмды, сондай-ақ 29 адам жарақат алды. Барлық фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізілді.
