Суицид, кісі тонау және ұрлық: несиесін төлей алмаған қазақстандықтар қандай қылмысқа барып жатыр
2023 жылы Қазақстанда несиесін төлей алмаған 12 адам өз-өзіне қол жұмсады. Бұл деректі 20 қазан күні Мәжілісте өткен үкімет сағатында Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха айтты.

ІІМ басшысының айтуынша, шамадан тыс несиелендіру ауыр зардаптарға әкеліп жатыр. Қарыз алушылар несиелерін өтей алмай, қылмысқа барады, тіпті өз өмірін қиюда.
«2023 жылы Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және Павлодар облыстарында барлығы 12 адам қарыздары үшін өзіне қол салған. Қыркүйек айының соңында осындай факті Алматыда болды», – деді Лепеха.
Қарызға батқан 40 қазақстандық несиелерін өтеу үшін қылмысқа барып, қарақшылық шабуылдар, тонау және ұрлық жасаған.
«Бұл әрекеттер оларды ешбір жағдайда ақтамайды. Олар заң бойынша жауап береді. Бірақ бұл туралы ойлану керек», – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Мәжіліс төрағасы төлеуге шамасы келмейтін қазақстандықтарға кредит беруге тыйым салуды ұсынды. Ол бір қазақстандықтың басында 20 несие болған жағдайлардың барын атап өтті.
2023 жылғы 13 қазан күні Жетісу өңіріндегі банктердің бірінде несиесін төлей алмаған зейнеткер өз-өзіне қол жұмсамақ болды.
