Шымкентте бір отбасының бес адамы газға уланып қайтыс болды
Жылу беру маусымы басталғалы бері республика аумағында тұрғын үй секторындағы өрттер мен түрлі төтенше жағдай оқиғалары жиілеп кетті. Бұл кезекте, балалардың қаза болуымен және дене жарақатын алу, улану фактілері де артып отыр.

Шымкентте бір отбасы газдан уланып қайтыс болды. Оқиғаның болжамды себеп-салдарын Sputnik Қазақстан агенттігіне «Казтрансгаз аймақ» компаниясының аймақтағы басшылығы айтып берді.
Қайғылы оқиға 27 қазанда Ынтымақ ықшам ауданында болған. Бір отбасының 5 мүшесі: 39 жастағы отағасы мен әйелі, үш баласы қайтыс болды. Балалардың екеуі 15, 16 жастағы қыз және 11 жастағы ұл.
«Оқиға болған жерге жеткен апаттық диспетчер қызметкерлері жылыту қазандығының беткі қақпақ жабындысы мен мұржаның жоқтығын анықтаған. Сондай-ақ автоматикаға қосылмай, тікелей жалғанған. Осының салдарынан үйдегі 5 адам газға уланды деген қауіп бар», – дейді «Казтрансгаз аймақ» компаниясы Шымкент қаласы филиалы басшысының орынбасары Елдар Қуандықов.
Мамандар үй иесі газды заңсыз қосып алған дейді.
«Марқұмдар табылған үй биыл шілдеде газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбаған үшін табиғи газдан ажыратылған. Яғни, кемшіліктер анықталған. Қазіргі күні сот сараптамасы жасалып жатыр», – дейді Елдар Қуандықов.
Ағымдағы жылдың 17 қазан күні Орал қ., Желтоқсан көш., 2/1 үй мекенжайындағы 5-қабатты тұрғын үйдің 5-ші қабатында орын алып, салдарынан кәмелетке толмаған 2 бала құтқарылды. Екеуі де жеңіл түрдегі улануға шалдыққан.
25 қазан 2023 жылы Абай облысы, Аягөз қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт оқиғасы орын алып, салдарынан 4 бала көз жұмды.
Тұрғын үй секторында өрттерді болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі қағидаларының қарапайым талаптарын қатаң сақтау қажет:
- жылыту құралдарын пайдалану кезінде оқшаулағышы зақымдалған электр сымдарын пайдалануға тыйым салынады;
- электр жылыту құралдарын жанғыш заттардың жанына орнатпаңыз;
- үйден шыққан кезде барлық электр жылыту құрылғыларын өшіруді ұмытпаңыз;
- жылу беру кезеңі басталар алдында түтіндіктерді күйеден тазалауды ұмытпаңыз;
- жарықтары бар пештерді пайдаланбаңыз;
- жанып жатқан пештерді, желіге қосылған электр қыздырғыш және газ аспаптарын қараусыз қалдырмаңыз;
- электр желісінің артық жүктелуіне әкелетін бірнеше қуатты электр тұтынушыларын бір мезгілде қосуға жол бермеңіз;
- барлық тұрмыстық электр құрылғыларының жұмысын бақылаңыз;
- пәтерде газ иісі сезген жағдайда, электр жарығын қосуға, сіріңкені жағуға, темекі шегуге, ашық отты пайдалануға жол бермеңіз. Мұндай жағдайда шұғыл газ қызметін шақырып және ол келгенге дейін үй жайды толықтай желдету қажет;
- кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз – балалардың отпен ойнауы да өрттің себептерінің бірі болып табылады.
Өрт немесе түтін пайда болған жағдайда нақты мекен-жайын көрсете отырып, өртке қарсы қызметіне «101» немесе «112» нөмірлері бойынша дереу хабарлаңыз.