Балаларға Ұлттық қордан ақша аударылады – президент заңға қол қойды
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылы қаңтарда іске қосылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Заңға сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.
Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.
Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.
Балалар ақшаны мақсатқа сай пайдалануы үшін БЖЗҚ жиналған қаражатты екінші деңгейлі банкте немесе ұлттық пошта операторында ашылған шотқа жібереді.
Айта кетері, 18 жасқа толған азамат шотты өзі қалаған банктен аша алады.
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.