Оралдан Таиландқа жаңа рейс ашылды
Ең танымал курорттардың бірі Пхукетке Boeing 737 әуе кемесімен баруға болады.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткендей, енді Орал қаласынан Таразда аралық аялдамамен Таиландқа ұшуға болады.
Рейстер қысқы навигацияның барлық кезеңіне жарияланды.
Ең танымал курорттардың бірі Пхукетке ұшуды Scat airlines әуе компаниясы жүзеге асырады. Аралға 10 күнде бір рет 189 туриске арналған Boeing 737 әуе кемелерімен баруға болады.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС бас директоры Рустам Бектеміровтің атап өткеніндей, жаңа рейс Орал мен көрші қала тұрғындарына ең танымал туристік бағыттардың бірі — Пхукет аралына оңай және ыңғайлы жетуге мүмкіндік береді.
«Бұл — біздің әуежайдың маршруттық желісін кеңейтудегі кезекті қадам, ол жолаушыларымызға демалу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», — деді Р.Бектеміров.
Осылайша, Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай ұшу географиясын кеңейтті.
Бұған дейін биылғы сәуір айынан бастап тағы бір танымал курорт — Шарм-эль-Шейхке рейс ашылған еді.
Оған Scat әуе компаниясының ұшағы әр 10 күн сайын қатынайды.