Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды
Қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы). Тағы 9-ы – Қазақстан азаматтары.
Алматыдағы хостелдегі өрттің шығу себептерін тексеру үшін төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановтың басшылығымен ТЖМ-ның жедел тобы оқиға орнына бара жатыр.
Алдын ала мәліметтер бойынша өрт ошағы жертөленің дәлізінде болған.
Өрт болған жерде Алматы қаласы ТЖД өрт сынау зертханасының анықтаушылары мен мамандары жұмыс істеуде.
Бұл объект бір жарым ай бұрын хостел ретінде қайта жабдықталған. Хостелдің аумағы – 457 шаршы метр.
Алматы қаласы ТЖД осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабына сәйкес қылмыстық істің тіркелгенін хабарлады.
Бүгін Алматыда таңғы сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесіндегі үш қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында және жертөлесінде орнанасқан хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды.
Хостелден 59 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ғимарат «Халық банкке» тиесілі, банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген .
«Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайындағы «Almaty Hostel» хостелінде 30 қарашада шамамен таңғы сағат 5.33-те Әди Шәріпов көшесі, 86 мекенжайындағы «Almaty Hostel» хостелінің жертөлесінен өрт шықты. 30 м2 аумақ өртке оранды. Хостел бір жарым ай бұрын ашылған, ғимарат Халық банкке тиесілі, банк оны кепілмүлік ретінде жалға берген», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл хостел Алматы қаласы жоғары оқу орындарымен студенттердің тұруы үшін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған жоқ.
«Студенттердің осы хостелде тұруына өтініш түскен жоқ, студенттерді хостелге орналастыру жұмысы жүргізілмеді», – делінген хабарламада.
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өкімімен Алматы қаласындағы хостелде болған өрттің себептерін тексеру және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Алматы қалалық полиция департаменті таратқан мәліметке сай, қайтыс болған 13 адамның төртеуі шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы). Тағы 9-ы – Қазақстан азаматтары.
«Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – делінген Алматы қалалық полиция департаментінің хабарламасында.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі адам Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Науқастың бірі көмірқышқыл газымен улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа ауырлықта, тұрақты. Екінші науқас барлық тексеруден кейін ұсыныстармен амбулаторлық емдеуге жіберілген.