Оралдағы бау-бақша серіктестігінде дау-дамай тыйылмай тұр
Қатысушылардың бір бөлігі серіктестік төрағасының қызметіне көңілдері толмайтынын ашық білдіріп, орнынан кетуін талап етті.
Жиында серіктестік төрағасы Асылбек Қабесов атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, аталмыш бау-бақша серіктестігінде 1985 үйде 12 мыңға жуық адам тұрады. 1500 оқушының 1067-сі Ә. Молдағұлова атындағы № 38 мектеп-лицейінде, 328-і Меловые горки ауылындағы № 18 мектепте білім алады. Олар арнайы көлікпен тасымалданады. Қалған балалар басқа мектептерге қоғамдық көлік арқылы қатынап оқиды. Серіктестік аумағында 4 жеке балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, 50-ге жуық азық-түлік дүкені, 10-ға жуық көлік жөндеу орындары бар.
Биыл серіктестіктің іргесінен халықтың сұранысына сәйкес 600 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды.
«Серіктестікте үй салынып, тұрғындар саны өсіп жатқанымен, ол заңды тұлғаға жатпайды. Облыстық, қалалық бюджеттен ешқандай қаражат бөлінбейді. Сондықтан өмір сүруге қажетті жұмыстардың барлығы серіктестік мүшелерінің төлеуге тиісті жарналарының есебінен атқарылады» — деген А. Қабесов электр қуаты үшін тұрғындар неліктен қаламен бірдей төлемейтінін түсіндірді.
Оның айтуынша, 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Батыс энерго ресурсы» ЖШС бау-бақша серіктестіктері үшін электр қуатының бағасын 1 кВт сағатқа 21 теңге 20 тиыннан белгілеген. Сол кезде серіктестік тарифі 24 теңге болды. 2 теңге 80 тиынның қосылу себебі, электр қуатының шығыны есептегіш құралдармен жалпы есептеледі.
«Бұған электр қуатын трансформациялау кезіндегі, желідегі шығындар, сондай-ақ көшедегі бағана шамдары, есептегіш құрылғыға соқтырмай пайдаланылған, яғни ұрланған шығындар кіріп, бәрін бір төлеу міндеттеледі. Мысалы, 400 дана бағана шамдарындағы шығынның өзі бір айда 657 200 теңгеге жетеді. Биылғы 1 қазаннан бастап электр қуатының бағасы өсуіне байланысты бұл мәселе серіктестік басқармасының отырысында қаралып, 1 кВт сағат үшін 29 теңге болып отыр», — деді А.Қабесов.
Жиынның күн тәртібіне коммуналдық қызмет мәселелері қойылып, осыған қатысты мекеме өкілдері шақырылғанымен, оларға сұрақ қойылған жоқ. Қатысушылардың бір бөлігі серіктестік төрағасының қызметіне көңілдері толмайтынын ашық білдіріп, орнынан кетуін талап етті.
«Қазір Асылбек, сені орныңнан аламыз. Асхат Баетовті төраға етіп сайлаймыз. Қалған шаруаны екеуің бірігіп, бір айдың ішінде шешіңдер. Электр қуатын айырса, айыра берсін, бір ай майшаммен де отырамыз», — деді Аманғали Қажыкен.
А.Қабесов тұрғындардың электр қуатына төлемеген қордаланған қарыз бар екенін сөз етті.
«Әуелі соны өтейік. Содан кейін жаңа төрағаны сайлау мәселесін күн тәртібіне қоюға болады. Бұл жиналысты жабық деп жариялаймын», — деп жауап берді А. Қабесов.
Бұған риза болмағандар жиналыстың хатшысын өзгертіп, жаңа төраға сайлаудың қамына кірісті.
«Тұрғындар серіктестік төрағасы тұрмыстық, коммуналдық мәселелер бойынша есеп беруі керек деген соң осы жиынды өткізуді ұсындық. Ал төрағаны ауыстыру — өте ауқымды мәселе, оның өз реті бар. Бүгінгі жиналысқа 150-дей адам қатысқан болар. Бұл серіктестік тұрғындарының 10 пайызына жетпейді. Егер қатысушылар жаңа төраға сайлау қажет деп тапса, оған дайындық керек. Онда серіктестікте тұратындардың жартысынан астамы дауыс беріп, өз пікірін білдіруі керек. Серіктестік төрағасы алдағы жылы осы жылдың қорытындысы бойынша толық есеп беріп, сонда басқарма төралқасы мен тексеру комиссиясының құрамы жаңадан сайланса, дұрыс болар еді. Сондай-ақ төрағалыққа үш-төрт кандидат ұсынылса, сонда барлық пікірлер ескеріліп, солардың ішінен лайықтысын таңдауға мүмкіндік болар еді. Бүгін тұрғындардың бір тобы төраға сайласа, бұған басқа біреулері келіспеуі мүмкін. Салдарынан бей-берекеттік туындайды», — деді жиналысқа қатысқан БҚО бау-бақша серіктестігі қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Андрей Заозеров.
Дереккөз: Kazinform