Антикор БҚО өңірдегі жемқорлық тәуекелдер Картасына енген 7 нысанды бақылауға алды
Қалған нысандар бойынша құрылыс пен жөндеуді жүзеге асыру барысы Департамент пен қоғам белсенділерінің бақылауына алынды.

Бұл туралы уәкілетті органдармен өткен кеңесте Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуров мәлімдеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысына Агенттік Төрағасы Асхат Жұмағали берген баяндамасында республика бойынша «ұзақ мерзмді құрылыс» санатына енген 156 проблемалық әлеуметтік нысан бар екенін атап өткен болатын. Солардың ішіндегі 7 нысан БҚО-да орналасқан.
Олар Жаңа өмір кентінің ЖТҚ жер учаскелерін инфрақұрылымымен қамтамасыз ету, Орал қаласын сумен жабдықтауға арналған сорғы станциясын салу, Орал ЖЭО-ны қайта жаңарту, Шалғын ауылында 60 орындық мектеп салу, «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын қайта жаңарту, «Федоровка-Ақсай» облыстық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу, Казталовка ауылында 600 орындық жалпы орта білім беретін мектеп салу сияқты объектілер.

Қазіргі уақытта Казталовка ауылында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда 549 бала білім алады. Балалар үшін лайықты, заманауи, ең бастысы – оқу үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Қалған нысандар бойынша құрылыс пен жөндеуді жүзеге асыру барысы Департамент пен қоғам белсенділерінің бақылауына алынды.