Израиль әскерлерінің шабуылынан Газа секторында 17,7 мың адам қаза тапқан
Олардың арасында 295 медицина маманы, 84 тілші бар.
Израиль армиясының Газа секторына 7 қазанда бастаған соққысы салдарынан 17 700 адам қаза тапқан. Бұл туралы Анадолы агенттігі Газа Денсаулық министрлігінің баспасөз хатшысы Ашраф аль-Кудраға сілтеме жасап хабарлады.
Ажал құшқандардың арасында 295 медицина маманы, 84 тілші бар. Ашраф аль-Кудраның мәліметінше, палестиналық эксклавта кейінгі тәулікте 213 адам қайтыс болған. Ал жарақат алғандар саны 48 780 адамға жеткен.
Жалпы, Израиль армиясының соққысы 132 медициналық ұйымның ғимаратын зақымдаған. Сол себепті 22 аурухана мен 46 медициналық орталық жұмысын тоқтатқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атқарушы кеңесі шұғыл отырыс өткізді. Негізгі себеп – Газа секторындағы бұрын-соңды болмаған гуманитарлық дағдарыс жағдайы.
Сессияда сөйлеген сөзінде ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейюс БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің атысты дереу тоқтатуға шақыратын қарар қабылдай алмауына қатты ренжіді.
«Газа тұрғындарын қорғаудың жалғыз нақты жолы – бітімгершілік», – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, Гебрейюс Газа секторындағы денсаулық сақтау шаралары қысқарғанын, дәрігерлер азайып, өте шектеулі ресурстармен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда атқарушы кеңес мүшелері басып алынған Палестина территориясындағы адамдардың денсаулығын қорғауға бағытталған қарарды талқылауда.