Оралдық кәсіпкер мемлекетке төленбеген 752 миллион теңге салықты қайтарды
Оралдық кәсіпкерге қатысты салық төлеуден жалтару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Кәсіпкер қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін өз еркімен қарызын өтеуге келісті.
ҚМА баспасөз қызметінің 11 желтоқсанда хабарлауынша, агенттіктің Батыс Қазақстан бойынша департаменті мемлекетке қомақты сомада қарызы бар жеке кәсіпкерге қатысты істі тергеуді аяқтады.
Тергеу анықтағандай, 2019-2020 жылдары құрылыспен айналысатын жеке кәсіпкер көрінеу бұрмаланған мәліметтерді салық декларациясына негізсіз енгізіп, қызметтерді сатып алу сомасын асыра көтеріп, осылайша 605 млн теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарған, өсімпұлды ескере отырып, өндіріп алуға жататын сома 752 млн теңгені құрайды.
Сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды, себебі кәсіпкер өзінің кінәсін мойындап, салықтар бойынша берешекті өз еркімен төледі.
Мұндай қылмыстық жауаптылықтан босату қылмыстық кодекстің ескертпесінде көзделген.