БҚО прокуратурасының қадағалау актісі негізінде су тарифі төмендетілді
Байқоңыс ауылында ауыз су тарифі текше метр үшін 200 теңгеден 90 теңгеге дейін төмендетілді.

Халықпен кездесу барысында Бәйтерек ауданының прокурорлары ауылдарда ауыз суға тариф субсидияланбайтынын анықтады. 2019-2020 жылдары салынған жаңа сумен жабдықтау жүйесі мемлекеттік қабылдау комиссиясынан өтті.
Ол пайдалануға берілді, бірақ қажетті техникалық құжаттар ресімделмеген. Сондықтан объект балансқа қабылданбады. Тиісінше, субсидия алуға құжаттар берілмеді.
— Осы факті бойынша Бәйтерек ауданы әкімінің атына қадағалау актісі енгізілді. Осыдан кейін үш жыл ішінде ресімделмеген құжаттар сәйкес келтірілді, – деп хабарлады облыстық прокуратура.
Мәселен, 2023 жылдан бастап Байқоңыс ауылында (бұрынғы Трекино) ауыз су тарифі текше метр үшін 200 теңгеден 90 теңгеге дейін төмендетілді.
Прокурорлар 600-ден астам абоненттің құқығын қорғады.