БҚО-да сапасыз тауарға төленген 41,7 млн теңге тұтынушыларға қайтарылды
Жыл басынан бері ірі, орта және шағын бизнес нысандарына жоспардан тыс 41 тексеру жүргізілген болатын.
БҚО сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, мекеме жүргізген жұмыстар нәтижесінде заңнамада белгіленген 14 күн мерзімде ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетілген.
Эльмира Нұрқызының сөзіне қарағанда, департамент заңнамаға сәйкес бизнес нысандарына тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізуге құқылы.
Осы орайда жыл басынан бері ірі, орта және шағын бизнес нысандарына жоспардан тыс 41 тексеру жүргізілген.
Соның қорытындысы бойынша 26 кәсіпкерлік нысаны ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бесеуіне түрлі көлемде айыппұл салынды.
«Департамент сондай-ақ Тұтынушы құқығын қорғау туралы заңға сәйкес талапкер болуға және оннан астам тұтынушының құқықтары бұзылған жағдайда сотқа сол мәселе бойынша талап арыз жіберуге құқылы. Бұл ретте БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2 талап арыз жолданды», дейді Э.Қиматова.
Атап айтқанда, «Әлем Фудс» ЖШС-не қатысты тауарды таңбалау бөлігінде КО ТР 022/2011 «Тамақ өнімдері оны таңбалау бөлігінде» талаптарына сәйкес келмейтін сүт өнімін сату фактісі (тауардың қаптамасында мемлекеттік тілде ақпарат болмаған) бойынша талап арыз жіберілді.
Істі қарау барысында дауды бейбіт жолмен реттеу туралы келісімге қол қойылып, жауапкер облыс аумағында аталған сүт өнімдерін әкелмеуге және сатуға міндеттенді.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, екінші талап арыз шағын кәсіпкерлік нысанына қатысты жолданды.
Сот ісін жүргізуге жеке меншік иелері мен көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының өтініштері негіз болды.
Елеулі кемшіліктерге қарамастан, үй пайдалануға берілген. Құрылыс процесінің барлық қатысушылары өткен жылғы 8 ақпанда нысанды қабылдау актісіне қол қойған.
«Аяқталмаған жұмыс көлеміне қарамастан, сатушының адалдығына үміттеніп, өтініш берушілер сатушымен сатып алу-сату шарттарын жасасып, толығымен есептескен. Бұл ретте тараптар үй эскиздік жобаға сәйкес келтірілетіні және барлық кемшіліктерді кейіннен сатушы жоятыны жөнінде ауызша келіскен. Алайда, өтініш берушілер атап өткендей, жеке кәсіпкер пәтер иелерінің өтініштерін мүлдем елемеген. Қазіргі кезде азаматтық іс қаралып жатыр. Департамент талапкер болудан басқа, азаматтық істерді қарауға үшінші тұлға, яғни мемлекеттік органның маманы ретінде де қатысады. Осылайша, жыл басынан бері азаматтардың тұтыну құқықтарын қорғау бағытында мамандар 53 процеске қатысты», деп түйді ойын Э.Қиматова.