Батыс Қазақстан мектептерінде оқушылар тыйым салынған сайттарды еркін пайдаланған
Олар суицид пен зорлық-зомбылық көріністері бар сайттарды еркін көрген.

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының прокуратурасы жүргізген талдауда кәмелетке толмаған оқушылардың білім беру мекемесінің қабырғасында (14 мектептің информатика кабинеттерінде) тыйым салынған интернет-контенттерге еркін қол жеткізу фактілері анықталды.
Яғни, мониторинг барысында кәмелетке толмағандардың әртүрлі суицид пен зорлық-зомбылық көріністері бар сайттарға еркін кіру мүмкіндігі белгілі болған.
Осылайша, жол берілген бұзушылықтар үшін облыстың білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Оның нәтижелері бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабы 7-2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке 14 мектеп директоры тартылды, – делінген прокуратура хабарламасында.
Бүгінде ауданның барлық білім беру мекемесінде осындай интернет-сайттарға кіруге шектеулер қою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын дәл осындай жағдай тағы да Батыс Қазақстанда болған. Ол кезде Теректі ауданының оқушылары тыйым салынған сайттарды еркін пайдаланғаны анықталды. Ол кезде де 14 директор жауапқа тартылды.