БҚО-да ЖКО үшін жүргізуші екі жылға бас бостандығынан айырылды
Сонымен қатар, сот оны бес жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырды.

Қайғылы оқиға өткен жылдың ортасында Тасқала ауылында болды. Сол кезде Hyunday ELANTRA жүргізушісі Чижинская көшесімен келе жатып, жол ережесін бұзып, Toyota Coaster жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Апат салдарынан автобус жүргізушісі қайтыс болып, жолаушылар түрлі жарақат алды.
БҚО сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сот жеңіл автокөлік жүргізушісін ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі бойынша «Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ЖҚЕ бұзу» бойынша кінәлі деп таныған. Ол бес жыл мерзімге автокөлікті басқару құқығынан айыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айырылды.
Жәбірленуші тараптың талабы ішінара қанағаттандырылды. Сотталған адам 2,3 миллион теңге мөлшерінде материалдық залал және 5 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиян төлеуі тиіс. ЖШС-нің тағы бір талап-арызы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен соттың қарауына берілді.
Үкімге шағым жасалды, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырды және ол заңды күшіне енді.
