БҚО-да 23 жастағы қызды ұрып, артынша пышақтап кеткен ер адамға іздеу салынды
Әлеуметтік желіде Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында белгісіз біреу 23 жастағы қызды ұрып, артынша пышақтағаны туралы хабар тарады. Полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мессенджерлер арқылы 28 қаңтарда кешкі уақытта Ақсай қаласында темір жол өткелі көпірінің маңында белгісіз ер адам 23 жастағы қызды ұрып-соғып, пышақтап кеткені туралы ақпарат таратып жатыр.
Таралған ақпаратқа сәйкес, қызға пышақпен тап берген ер адамның жасы шамамен 25-30-да, бойы 160-165 сантиметр. Капюшоны бар қысқа қара күрте киген.
Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің өкілдері ақпаратты растап, күдіктіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу мен қылмысты ашуға бағытталған шаралар кешені жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
Полицейлер бұл іске қатысты басқа ақпарат жария етілмейтінін айтты.