Полиция қауіпті жүргізушілерді қалай анықтайды
Көшедегі камералар түсіретін барлық мәлімет жылдам өңделеді де, жақын жүрген полицейдің планшетіне хабар жіберіледі.
Қазақстанда «Қорғау» бағдарламасының көмегімен мыңдаған қауіпті жүргізуші анықталды. Жүйені барлық аймаққа кеңінен енгізу жоспарланып отыр.
Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, бұрын жол қозғалысын жиі бұзатын көлік жүргізушілерін анықтау үшін әрбір көлікті тоқтату және құжатын тексеру керек болған. Қазір ондай қажеттілік жоқ. «Қорғау» бағдарламасы қауіпті жүргізушілерді автоматты түрде анықтайды.
«Бұл бағдарлама жалған нөмірмен жүрген, сақтандыру полисін алмаған, іздеуге салынған, жол ережесін жиі бұзатын және айыппұлды төлемейтін көліктерді автоматты түрде анықтайды. Көшедегі камералар түсіретін барлық мәлімет жылдам өңделеді де, жақын жүрген полицейдің планшетіне хабар жіберіледі. Осылайша, тәртіп сақшылары қауіпті жүргізушіні бірден ұстайды», – деді Боранова бүгінгі брифингте.
Осы уақытқа дейін «Қорғау» бағдарламасының көмегімен мыңдаған қауіпті жүргізуші анықталды: олардың ішінде 1,5 адам жалған нөмірмен жүрген. Ал 6 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылса да, рөлге отырған. Полицейлер 8,5 көліктің нөмір алып қойды. Бұдан бөлек, 29 мың көлік айыппұл тұрағына қойылды.
Қазіргі кезде көшелерде 22 мың камера орнатылған. Олардың көмегімен жол қозғалысы ережесін бұзу фактілерінің 50 проценті тіркеледі.
Ішкі істер министрлігі ондай камераларды өңірлерге кеңінен орнатуды және «Қорғау» жүйесіне қосуды ұсынып отыр. Соның арқасында жол ережесін бұзу фактілері айтарлықтай азаяды.