БҚО-да Самара — Шымкент тас жолында үш бала ЖКО зардап шекті
Апат 16 ақпанда сағат 19:20-да Сырым ауданында болған.
БҚО полиция департаментінің мәліметі бойынша, Opel Zafira жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, жарнама қалқанының бағанына соғылған. Апат Самара — Шымкент тас жолының 391 шақырымында болған.
– Көлікте алты адам болған. Оның ішінде 9, 7 және 3 жастағы үш бала бар. Оқиғадан кейін барлығы Сырым ауданының орталық ауруханасына жатқызылды, – деп түсіндірді ведомстводан.
ҚР ҚК-нің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
БҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Константин Недопекин көліктің балалар ұстау құрылғыларымен және креслоларымен жабдықталмағанын атап өтті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайына кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.