Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастағаны үшін айыппұлды арттырмақ
2024 жылғы 29 ақпанда Мәжілісте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев белгісіз орындарға қоқыс тастағаны үшін жауапкершілікті күшейту жоспары туралы айтты.

Мәжілісте қатты тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару мәселелері талқыланды.
«Азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілерінің хабардарлығын арттыру мақсатында қоқыстарды белгіленген орындардан тыс жерге тастағаны үшін айыппұл көлемін ұлғайту мәселесі қарастырылуда.Осы түзетулер негізінде реттеушілік әсерге талдау жүргізілуде», – деді министр Ерлан Нысанбаев.
Оның айтуынша, 2023 жылдың соңында Қазақстанда 4,1 миллион тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзіліп, оның 24 пайызы қайта өңделген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда аз.
2023 жылға арналған ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 5534 рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастыру орындары анықталды, оның 86%-ы әкімдіктермен жойылды.
Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы 2040 жылға қарай халық қалдықтарды жинау және кәдеге жарату қызметтерімен 100%-ға қамтылуға тиіс.
Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы 2050 жылға қарай өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын қалпына келтіру және жаңадан салу бойынша жұмыстар жүргізіледі.