Оралда су деңгейі көтеріліп, су тасқыны болуы мүмкін
Орал қаласы әкімдігінен алынған ақпаратқа қарағанда, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының мәліметіне сәйкес жақын күндері Шаған, Деркөл, Жайық өзендерінде су деңгейі көтеріліп, қауіпті шектен асуы мүмкін.

Салдарынан өзен жайылмаларында орналасқан бау-бақша серіктестіктері, ондағы тұрғынжайлар зардап шегуі ықтимал.
«Тұрғындардан су тасқынына дайын болуды, қажетті іс-шараларды қолға алуды, су тасқынына дейін алдын ала қауіпсіз жерге көшуді сұраймыз. Су тасқыны қаупі туралы алдын ала хабарланған кезде радио, теледидар, интернеттегі ақпаратты қадағалаңыз. Газ, электр қуатын және суды айырып, құжаттарды су өткізбейтін пакетке салыңыз. Ақшаны, киім, тамақ және дәрі-дәрмекті дайындап, бағалы заттар мен жиһаздарды судан қауіпсіз жерлерге орналастырыңыз. Үй жануарларын жіптен босатыңыз және оларды қауіпсіз жерге апарыңыз. Егер су тасқыны орын алса, дәрі-дәрмек, азық-түлік, су қорын және алғашқы көмек жинағын алыңыз. Су тасқыны аймағынан шығып, эвакуациялық орынға барыңыз. Мүмкіндік болса, суда қалған адамдарға шұғыл түрде көмектесіңіз. Егер эвакуациялау мүмкін болмаса, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалыңыз және орналасқан жеріңіз туралы хабарлаңыз. Мүмкіндігінше тезірек жақын маңдағы қауіпсіз биік орынға (жоғарғы қабаттар, шатыр) орналасыңыз. Көмек келгенге дейін үйде болыңыз, белгі беріңіз (күндіз – ақ немесе түрлі-түсті материалмен, түнде – фонарьмен)», — делінген ресми хабарламада.

Үлкен су тұрғын үйлерді, аулаларды және әлеуметтік нысандарды басуды жалғастыруда.
Өңірде су тасқыны жағдайы ушығып келеді. БҚО ТЖД деректері бойынша бүгінгі таңда облыс бойынша 17 әлеуметтік және мемлекеттік нысан, бес көпқабатты, 432 жеке үй және 66 аула су астында қалды:
- Орал қаласы — 23 жеке тұрғын үй (Орал қаласы – 10, Зачаган кенті – 9, Деркөл кенті – 4).
- Бәйтерек ауданы — 10 жеке тұрғын үй (Переметное ауылы-7, Даринск ауылы – 2, Володарское ауылы-1).
- Тасқала ауданы — 4 жеке тұрғын үй (Мереке ауылы)
- Теректі ауданы — 41 жеке тұрғын үй (Анката ауылы – 20, Подстепное ауылы – 17, Теректі ауылы – 2, Ұзынкөл ауылы – 2)
- Қаратөбе ауданы — 86 жеке тұрғын үй (Қоржын ауылы – 80, Қаратөбе кенті – 6)
- Сырым ауданы — 268 жеке тұрғын үй (Жымпиты ауылы – 164, Өлеңті ауылы – 42, Бұлдырты ауылы – 62)
Сонымен қатар, Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау, Бөрлі, Казталов аудандарында автожолдардың 33 учаскесінде су тасқыны болды.
Төрт ауданның бес елді мекенімен көлік қатынасы бұзылды – бұл Теректі ауданының Дуана, Сырым ауданының Қызылағаш, Қаратөбе ауданының Ақтайсай және Қоржын ауылдары, Шыңғырлау ауданының Ақтау ауылдары.

Құтқарушылардың айтуынша, ең күрделі жағдай Сырым және Қаратөбе аудандарында қалыптасқан.
Қаратөбе ауданында жағадан Жақсыбай өзені шықты. Су Қоржын ауылының бойында салынған екі метрлік қорғаныс бөгеті арқылы өтіп, бүкіл ауылға жайыла бастады. Нәтижесінде тұрғын үйлер су астында қалды.
Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысы Сырым және Бөрлі ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ, Қаратөбе, Теректі аудандарында және Орал қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Сонымен қатар қиын жағдайға душар болған тұрғындарға көмек көрсету мақсатында қайырымды азаматтар үшін өңірде «Ақжайық» қоры ашылды.
