Оралдағы 17 тұрғын үй алабының тұрғындарына эвакуациялау ұсынылды
Бұл «Мичуринское», «Ветеран», «Самал 1, 2, 3», «Ягодка», «Вишенка», «Үміткер», «Үміт», «Путеец», «Вишневый сад», «Нива»,» Росток»,» Телеорталық», «Кардиологиялық орталық» бау-бақша серіктестіктері мен «Үміт» шағын ауданы.

Қала билігі мұндай хабарламаны бүгін, 31 наурызда сағат 16:00-де жасады.
Орал қаласы әкімдігінен мәлім еткеніндей, облыс орталығында эвакуациялық пункттер үшін 8 орын анықталса, соның 5-еуі толық жасақталған. Қазіргі кезде тұрғындар эвакуациялық пункттерге орналасып жатыр. Қала маңындағы саяжайлар аумақтарында 20 мыңнан астам адам тұрады.
Орал қаласы ТЖ басқармасының мәліметіне сәйкес, бірінші кезекте Маштаков, Ягодка, Үміткер бау-бақша серіктестігі тұрғындары эвакуацияланады. Сұрақтар туындаған жағдайда қалалық штабқа 8-711-2-24-05-70 және 8-711-2-24-01-94 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
«Азық-түлікті, құнды заттарды, киімдерді, аяқ киімдерді ғимараттардың жоғарғы қабаттарына немесе биік жерлерге, шатырлар мен төбелерге шығарыңыз.
Терезелер мен есіктерді жабыңыз, қажет болған жағдайда терезелер мен бірінші қабаттардың есіктерін сыртынан тақталарды (қалқандарды) бекіту арқылы қорғаңыз.

Үйдің ауласында заттар мен құралдарды бекітіп, су ағызып алып кететін барлық заттарды мұқияттаңыз. Халыққа қажетті заттарды, құжаттарды, азық-түлікті, суды, алғашқы медициналық көмек қобдишасын жинап, газ бен электр қуатын өшіру керек.
Алынған ақпарат туралы көршілерге хабарлаңыз, қарттар мен науқастарға көмек көрсетіңіз. Кез — келген жағдайда сабыр сақтаңыз, үрейленбеңіз», — делінген әкімдік хабарламасында.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі су тасқынына байланысты психологтардың эвакуациялық пункттерде зардап шеккен тұрғындарға шұғыл көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. Психологиялық және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында қауырт желі телефоны жұмыс істейді – 8(7112) 554088.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Оралда су тасқыны қайталануы мүмкін
