БҚО-да Жайық өзенінің бойында 100 км қорғаныс бөгеттері салынды
Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы қорғаныс құрылыстарын нығайту, сондай-ақ басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу және су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.

Оларға 7 895 адам және 1 781 бірлік техника, соның ішінде 1011 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Жайық өзенінің жағасында ұзындығы 100 шақырым болатын бөгет жасақталып, 771 мың құм толтырылған қапшық салынды.
2024 жылдың 16 сәуірдегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі 777 см-ге дейін жетті және су деңгейі әлі көтерілуде. Өткен жылы ең жоғары деңгей 557 см болған еді. Қауіпті деңгей-850 см.
Су Ресей Федерациясыннан келеді, онда су тасқынына байланысты Иректі су қоймасынан ағызу жүргізілуде. Соңғы уақыт ішінде БҚО-дағы Жайық өзені деңгейінің өзгерісі:

Ресеймен шекарадағы Январцев ауылы тұсында – +4 см;
Орал қаласында – +1 см
Көшім ауылы тұсында – +1 см
Тайпақ ауылы тұсында – +1 см-ге көтерілген.
Орал қаласы тұсында Жайық деңгейі 7 метрден 77 см асты. Қауіпті деңгей – 850 см.
16 сәуір, сағат 20:00-дегі жағдай бойынша Иректі су қоймасында «345» текше м/с жіберілуде, ағысы «450», «99%» толып тұр. Жайық өзенінің деңгейі (Орынбор қ.) 1125 см, Сакмар ағынының деңгейі «809» см.
Шекарадағы Январцев тұсында су көтеріле бастады, Ресейдегі тасқынның алды жетті деген сөз.
БҚО-дағы эвакуациялау пункттеріндегі 603 оқушы онлайн режимінде кедергісіз білім алу үшін компьютермен және интернетпен қамтамасыз етілген.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыстағы 13 эвакуациялық пунктте 948 бала болса, оның 345-і мектеп жасына жетпеген. Эвакуациялық орталық студенттердің онлайн оқуы үшін компьютерлер, құлаққаптар және интернетпен жабдықталған оқу кабинеттері бар.
Жалпы, Жайық өзенінің бойында орналасқан Ақжайық, Бөрлі, Теректі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласындағы 103 мектептің 75 мыңнан астам оқушысы қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Су тасқыны кезінде қашықтан оқытуға көшу мәселесі бойынша ата-аналар комитеттерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сұраныстар негізінде оқушыларды қажетті компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда.