Жайық Январцево ауылында – 828 см болды
Жайық өзені бойынша секундына 3 мың текше метр су келуде.

Батыс Қазақстан облысында «Қазсушар» РМК су қоймалары 81 пайызға толды. Қазір ондағы су көлемі – 410,2 млн текше метр. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың айтуынша, Орал қаласында Шаған су қоймасының деңгейі 30 метрге жетті.
Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Жайық пен Шаған өзенінде су деңгейі теңесті. Оның үстіне Шағанға да жоғары жақтан су келіп жатыр. Суды жазғы-күзгі мезгілге сақтап қалу үшін су тастағыш имарат тасқын мөлшері азайған кезде жабылатын болады.

«Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарындағы су шаруашылығы қызметтерімен күн сайын ақпарат алмасып отырмыз. Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 345 текше метр су жіберілуде. Ал Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 123 текше метр су түсуде. Қазіргі таңда су қоймаларына су жиналуда. Көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су беру басталды. Сол секілді Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 12 текше метр су тасталуда. Казталов пен Жаңақала аудандары арқылы өтетін Қараөзен мен Сарыөзенге 400 млн текше метрден астам тасқын су алынды. Жалпы, филиалдың су қоймаларында жағдай қалыпты», деді Р.Хұсайынов.

Батыс Қазақстан облысында Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 2 994 саяжай үйі су астында қалды. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласының төңірегіндегі саяжайлар Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жайылмаларында орналасқан. Жайық өзені бойынша секундына 3 мың текше метр су келуде.
«Су тасқыны басталғаннан бері 13 732 адам эвакуацияланса, соның 5 703-і – балалар. Эвакуациялық пункттерде 2 300 адам орналасса, соның 1 062-сі – жеткіншектер. 11 432 адам туыстарына барды. Облыс бойынша 4 915 бас мал қауіпсіз жерлерге айдалды. Барлығы 1 млн 020 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 844 мың дана қапшық және 5 857 мың тонна инертті материал төселді. Апаттық-құтқару жұмыстарына 6 507 адам, 1 201 техника, 196 су сору құралы, 101 дана жүзу құралы және 3 тікұшақ жұмылдырылған. Апаттық-құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін 7 өңірден қосымша күш-құралдар тартылды», деп хабарлады ведомстводан.
Қазіргі таңда Орал қаласында Перевалочный тоғайы, Коминтерн, Курени ауданы, әуежай, теміржол вокзалы, жас натуралистер станциясы, Жайық өзеніндегі көпір тұсына ерекше көңіл бөлінуде.

Жайық өзеніндегі су деңгейі бойынша 17.04. сағ. 14:00:
1) Курени ауданы – 779 см. (+0)
2) Жайық көпірі, Автовокзал ауданы – 794 см. (+0)
3) Жарсуат ауылы – 1006 см. (+0)
4) Январцево ауылы – 828 см. (+3)