Батыс Қазақстанда саяжай тұрғындары эвакуацияланды
Батыс Қазақстанда іздестіру-құтқару жұмыстары барысында су басу аймақтарынан ТЖМ күштерімен саяжай учаскелерінің 60-тан астам тұрғыны металл жүзу құралдарымен эвакуацияланды.
Бір апта бұрын құтқарушылар азаматтардан үйлерін тастап кетуді талап еткен болатын. Алайда, олар эвакуациялық пункттерге өз еркімен орналастырудан бас тартты.
Орал қаласының маңындағы су басқан саяжай алаптарының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Әуеде тікұшақ жұмыс істеуде. Осы сағатқа дейін 100-ден астам үй жануары эвакуацияланды. Жұмыс жалғасып жатыр.
Эвакуациядан бас тартқан азаматтар құқық қорғау қызметкерлерінің күшімен көшірілуде. Осыған байланысты көшуден бас тартқан тұрғындарды құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлері мәжбүрлеп эвакуациялайды. Уақытша орналастыру орындары, қажеттінің барлығымен қамтылды. Келушілерді қабылдауға дайын.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 667 бабына сәйкес Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау заңға қайшы. Мұндай құқықбұзушылық жасаған адамға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салынады немесе он бес тәулiкке дейiнгі мерзімге әкiмшiлiк қамаққа алынады.