БҚО су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты
Қазіргі таңда су қоймаларына қоса, көлдер мен көлтабандарға, табиғи шабындықтарға су жіберіліп жатыр.

«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың мәлім еткеніндей, Казталов пен Жаңақала аудандары аумағымен ағатын Қараөзен мен Сарыөзенге 428,0 млн текше метр су алынды. Бұл ағын су лимандар мен табиғи шабындықтарға, сондай-ақ су қоймалары мен көлдерді толтыруға бағытталды.
Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 116 текше метр су түсіп жатыр. Мұнда жыл басынан бері аталған жүйеге 273,0 млн текше метр су құйылды. Қазіргі таңда су қоймаларына қоса, көлдер мен көлтабандарға, табиғи шабындықтарға су жіберіліп жатыр.
«Орал қаласындағы Шаған су қоймасында судың деңгейі Балтық жүйесі бойынша 30,91 метрді көрсетті, бір тәулікте 7 сантиметрге жоғарылады. Су тасқыны басталғаннан бері өзен деңгейі жалпы 5,4 метрге көтерілді. Күні бүгінге дейін Шаған және Деркөл өзендерінде орналасқан су бекеттерінен 390,0 текше метр ағын су түсті. Пайдалану ережесіне сәйкес Шаған су қоймасының су тастағыш имараты 2023 жылдың күзінен бастап толық ашық. Филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты», – деді Р.Хұсайынов.
Төменгі Еділ бассейндік су басқармасы Орынбор облысы бойынша су ресурстары бөлімінің бастығы Сергей Ридельдің Рауан Хұсайыновтың атына жіберген ресми хатына сәйкес Жайық өзенінің деңгейі 27 сәуір күні сағат 08.00-де Орынбор қаласы тұсында 855 (қауіпті шегі – 760 см), Елек ауылында 884 (850 см) сантиметрді көрсетті.
Орынбор облысындағы Иреклі су қоймасынан Жайыққа 22 сәуірден бері секундына 192 текше метр су жіберіліп жатыр.
«Қазсушардың» Батыс Қазақстан филиалы Жәнібек сорғы станциясын іске қосу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Нысан Ресей Федерациясының Волгоград облысынан келген суды Батыс Қазақстан облысының Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының 9 ауылдық округінің аумағына айдайды. Биыл 25,8 млн текше метр су жіберу жоспарланып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Батыс Қазақстанда 30 млн текше метр су Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді