Жайық өзенінің қазіргі жағдайы
Жайық өзеніндегі су деңгейі Тайпақ ауылы тұсында 580 сантиметрден асты.

Жайық өзеніндегі су деңгейі Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы гидробекетте бір тәулікте 19 сантиметрге көтерілді.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының 27 сәуір күнгі сағат 08.00-дегі мәліметі бойынша Тайпақ тұсында су деңгейі 581 сантиметрге (қауіпті шегі – 850 см) жетті.
Есесіне басқа гидробекеттерде Жайықтағы су деңгейі төмендеп келеді. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданы Январцев ауылында 864 (-8, қауіпті шегі – 1 250 см), Орал қаласында 851 (-4, 850 см), Көшімде 852 (-3, 850 см) сантиметрді көрсетті.
Облыстың басқа да өзендерінде су деңгейінің түскені байқалады. Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин Жайық суы бақылауда, ауданда жағдайдың қалыпты екенін жеткізді.

БҚО-да уақтылы қабылданған шаралардың арқасында Теректі, Бөрлі, Бәйтерек, аудандары мен Орал қаласын су басу қаупі төмендеді.
Қазіргі күні Жайық өзеніндегі судың деңгейі біртіндеп түсіп жатыр, осылайша жағдай тұрақталып келеді.
Ал Ресейдің Орынбор өңірінен бастау алған су Ақжайық ауданы арқылы Атырауға өтеді.
Су тасқыны басталғалы бері облыс бойынша 13 980 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бүгін өзге өңірлерден жұмылдырылған құтқарушылар мен әскерилердің 1 835 –і үйлеріне қайтты.