БҚО-ны жойқын су тасқынынан сақтай алдық-Бектенов
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов еліміздің батысындағы су тасқыны жағдайы бойынша жедел кеңес өткізді, онда өңірді ауқымды тасқыннан қорғау мақсатында ұзақ уақыт бойы күшейтілген жұмыс жүргізіліп жатыр.

Үкімет басшысы Атырау облысы басшылығының алдына қала мен елді мекендерді жылжып келе жатқан тасқын сулардан барынша қорғау міндетін қойды. Үкіметке Батыс Қазақстан облысындағы секілді жұмыс ұйымдастыру тапсырылды, онда су тасқынына қарсы алдын алу іс-шараларын, жеткізілген инженерлік техникаларды ескере отырып, 14 өңірден жұмылдырылған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ауқымды шығынға жол бермей, су тасқынын еңсеруге мүмкіндік берді.
БҚО-дағы жұмысқа 11 мыңнан астам адам және 2 мыңға жуық техника тартылды. Ұзындығы шамамен 150 км болатын қорғаныс бөгеттері салынды, 1,3 млн құм толтырылған қапшық төселді.
Орал қаласында 18 тұрғын үй алабын бойлай тұрғызылған бөгеттер қауіпсіздікті толық қамтамасыз етті. Қаланың тұрғын үйлері мен әлеуметтік нысандарына су жеткен жоқ. Су басқан бау-бақша серіктестіктері мен Жайық өзенінің алқабында орналасқан бірқатар үйдің тұрғындары алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 909 үйдің тұрғындары өз үйлеріне қайта оралды, 5 мыңнан астам мал басы қауіпсіз жерлерге жайылымға жіберілді.
Бүгінгі таңда облыстық жедел штаб пен су тасқыны салдарын жою жөніндегі комиссия 8 мыңға жуық өтінім жинап, мыңнан астам үйге бағалау жұмыстарын жүргізді. 1672 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасуда.
«Су тасқыны жағдайы тұрақталып келеді. Батыс Қазақстан облысында су тасқынының шарықтау шегі болып өтті. Мұнда жұмысқа тартылған барлық бөлімшелердің үйлесімді жұмысын атап өткен жөн. Бірлескен іс-әрекеттердің арқасында 84 елді мекенді су басуға жол берілмеді, сондай-ақ өңірдегі су тасқынының салдары барынша азайтылды. Қазір үйлерді қайтадан су басу қаупі сейілді», — деді Олжас Бектенов. – Төтенше жағдайлар, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың барлық қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне, еріктілерге және су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан барлық жанашыр азаматтарға үлкен алғысымды білдіремін».
«Президент табиғи апаттан қираған үйлерді қалпына келтіру, зардап шеккен азаматтарды қалыпты өмірге қайтару бойынша басым міндет қойды. Біз барлық күш-жігерімізді әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды салуға және жөндеуге, адамдарға өтемақы төлеуге бағыттауымыз керек. Барлық атқарылатын шаралар нақты әрі үйлесімді түрде жасалуы керек. Әкімдіктер тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зардап шеккен тұрғындармен кездесуі керек», — деп қорытындылады Олжас Бектенов.