Жол құрылысында жергілікті компанияларға басымдық беріледі — министрлік
Енді автожол салу кезінде жұмыстың 30 пайызын ғана қосалқы мердігерге алуға болады. Бұл туралы ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбеил мәлім етті.

Мұндай нормалар мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заңда қамтылған. Сонымен қатар, жергілікті компанияларға қолдау жасалады.
«Біз жұмыс орындалатын жерде еңбек және материалдық ресурстардың болуына талаптар белгіледік. Яғни, Ақмола облысында жол құрылысы жүргізілсе, онда тапсырыс беруші конкурстық құжаттамада Ақмола облысы бойынша осы тапсырысты орындаушыда тиісті базаның, материалды әрі еңбек ресурстарының болуы туралы талабын қоя алады. Осы орайда бұл компанияға бір балл беріледі және осының өзі үлкен қолдау болады. Егер компания белгілі бір аймақта бір жылдан астам тіркелген болса, онда ол бір ұпайға жуық жеңілдік алады», — деді Д. Кеңбеил Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, қосалқы мердігерлікке берілетін жұмыс көлемі айқындалды.
«Егер қолданыстағы заңнамада 50 пайыз болса, енді 30 пайыздан асырмауы тиіс екенін енгіздік», — деп түсіндірді вице-министр.
