Оралда биыл 107,6 шақырым жол жөнделмек
Сонымен қатар, ағымдағы жұмыстар шеңберінде көпірлердің деформациялық тігістерін жөндеу және теміржол өткелдерін жөндеу жұмыстары жүргізіліледі.

Орал қаласының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 километрді құрайды. Оның ішінде 439,6 шақырым жол жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 250,7 шақырым жолға асфальт төселмеген.
Орал әкімі Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, 2024 жылы 107,6 шақырым жолдарды жөндеу жоспарланған. Күрделі жөндеу бес көшеде, қайта жаңарту – бес көшеде, орташа жөндеу – 21 көшеде жүргізілетін болады. ANT технологиясымен ағымдағы жөндеу бес көшеде қарастырылған. Бұл жобаларды іске асыру сомасы 8,6 миллиард теңгені құрайды.
Сонымен қатар, биыл 2023 жылдан бері ауысып келе жатқан сегіз нысан бойынша жұмыстар аяқталады. Олардың ұзындығы 18 шақырым.
— Сәуір айының соңында қалалық жолдарды ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда Қызылжар, Некрасов және Лермонтов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Дәл осындай жол жөндеу жұмыстары қазір Назарбаев даңғылы мен Алаш көшесінде жүргізілуде. Орташа жөндеу бірінші кезекте негізгі көшелерде және көлік қозғалысы қарқынды көшелерде жүргізіледі, — деп атап өтті Жандос Дүйсенғалиев.
Сондай-ақ, әкімнің орынбасары биыл 50-ден астам қала көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланғанын айтты. Қазіргі уақытта мұндай жөндеу жұмыстары 20 көшеде аяқталды. Биылғы жылы ағымдағы жұмыстар шеңберінде көпірлердің деформациялық тігістерін жөндеу және теміржол өткелдерін жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

132 көшеде жол белгілерін қою жұмыстары жүргізілуде.
– Өздеріңіз білетіндей, біздің қалада су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі уақытта су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Сондықтан жолдарды жөндеу бойынша кейбір жобалар биыл іске асырылмауы мүмкін, алайда біз барынша нәтижеге ұмтылатын боламыз, – деп түйіндеді Жандос Дүйсенғалиев.
