Су басу қаупіне байланысты екі облыста жол қозғалысына шектеу қойылды
Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарында су басу қаупіне байланысты жолдың үш учаскесінде жол қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Қазавтожол.

Атырау облысында су басу қаупіне байланысты мына автомобиль жолдарында көліктің барлық түріне шектеу қойылды:
«Атырау-Орал» автожолының 71-179 шақырымы (Махамбет — Индер елді мекендер учаскесі;
«Атырау-Орал» автожолының 179-189 шақырымы (Индер елді мекені — БҚО шекарасы).
Сондай-ақ БҚО-дағы Атырау-Орал» автожолының 189-492 шақырымында (Орал қ. — Атырау облысы шекарасы учаскесі) жүк көліктері қозғалысына шектеу қойылды.

Елді мекендер үшін ағыны күшті тасқын сулардың қауіптілігін жою мақсатында «Атырау-Орал» тас жолының 44-ші шақырымында (Сарайшық ауданында) кеше түнде жол жарылды, деп хабарлайды Атырау облысының Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы.
Қазіргі уақытта автокөлікпен Оралға Исатай ауданы Х.Ерғалиев ауылы арқылы Махамбет ауданына және одан әрі «Атырау-Орал»тас жолы арқылы жетуге болады.
Сондай-ақ, Ортақшы ауылы (Махамбет ауданы) ауданындағы көпір арқылы «Атырау-Орал» тас жолына өту арқылы «Атырау-Индер»облыстық маңызы бар жолымен жетуге болады.
