БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындары үшін жаңа үйдің құрылысы басталды
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қаратөбе, Сырым, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының тұрғындары үшін жаңа 360 үйдің құрылысы басталды.
Аталған аудандарда табиғи апаттың шығынын есептеу бойынша құрылған комиссия тұрғын үйлерді тексеру жұмыстарын аяқтады. Мердігер компаниялар бекітіліп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен елді мекеннің бірі – Қаратөбе ауданына қарасты Қоржын ауылы.
Қазіргі таңда тұрғын үйлерді тексеру жұмыстары өтіп, мердігер компаниялар бекітіліп, құрылыс жұмыстарына дайындық бастау алды.
Ауылда жалпы есебі 90 үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның 72-сі жаңа орында салынса, 18 үй тұрғындардың келісімімен бұрынғы үй орнына қайта тұрғызылады.
Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарының басталғанына риза екендерін айтады. Қысқа мерзім ішінде келесі оқу жылы басталғанша жаңа қонысқа көшуге ниетті. «Қиын кезеңнен аман өтіп, ендігі жағдай оңалғанша тек сабырмен күтіп, жақсыдан үміт етеміз» дейді тұрғындар.
Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылында су тасқыны салдарынан 25 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Аталған үйлердің 15-і өз орнына қайта тұрғызылса, 10 үй ауыл шетіне көшірілмек.
Бүгінде мердігер компаниялар құрылыс материалдарын жеткізіп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті.
Үйлер тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сырым ауданында жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге 114 үйдің құрылысын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырады. 75 үйді жергілікті жер қойнауын пайдаланушы компаниялар салады: «Жайықмұнай», «Конденсат» және «АқсайГазСервис». Тағы 71 тұрғын үйді «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы «Ақжайық» қоры арқылы салады.
Жалғыз баспанасынан айырылған саяжай тұрғындарының мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Қала әкімдігіне жаз біткенше саяжай тұрғындарына арнап тұрғын үй салу немесе сатып алу тапсырылды. Айта кетейік, бұрынғы жерде үйлер салынбайды. Ойпатты жерлерде ЖТҚ салуға тыйым салынады», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысында суға кеткен саяжай аумақтарында су тасқыны салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.
Бүгінгі күні облыс құтқарушылары бау-бақша бірлестіктерінің аудандарында өнімділігі секундына 500 литрді құрайтын жылжымалы сорғы станцияларының көмегімен суды сору жұмыстарын жүргізуде, – делінген хабарламада.