Әлия Назарбаеваның зауыты 1,5 млрд теңгеге сатылды
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға және «РОП операторына» қатысты зауыт 1,5 миллиард теңгеге сатылды.
«Сауда түрі: Бағаны көтеру бойынша аукцион (2021 жылдың 17 қаңтарынан бастап). Бастапқы бағасы: 1 533 241 595 теңге Кепілдік: 110 760 000 теңге Сауда-саттық жағдайы: аяқталды. Сауда-саттықтың басталуы: 2024 жылғы 2 мамыр 11.00. Сату бағасы: 1 533 241 595 теңге» делінген мемлекеттік мүлік тізілімінің электрондық сауда алаңындағы хабарламада.
Бағалау есебінде иесі «Recycling Company» ЖШС ретінде көрсетілген нысан Қарағанды облысында орналасқан. Естеріңізге сала кетейік, зауыт «ROP Operator» қызметі аясында автоқалдықтарын өңдеуі тиіс болатын. Бір қызығы, сараптама нысанды зауыт сатылған сомадан үш есе дерлік жоғары бағалаған.
«Есепте ұсынылған деректер негізінде біз мүліктік кешен ғимараты мен құрылыстары, жылжымалы мүлік, заттардың (…) нарықтық құны: 4 146 245 573 теңге болады деген қорытындыға келдік» делінген бағалау есебінде.