Орал әкімдігі алдына жиналған наразыларды полиция ұстады
20 мамыр күні Оралда үйлерін су басқан саяжай тұрғындары қала әкімдігінің алдына жиналып, баспана мәселесін тез арада шешуді сұрады.
Орал іргесіндегі тасқын кезінде үйі тұруға жарамай қалған ондаған адам 20 мамыр кешкі сағат тоғызда әкімдік алдына жиналып, көктемде су басу қаупі жоқ аудандардан өздеріне баспана беруді талап етті.
«Жалғыз үйіміз еді, енді бәріміз эвакуация орталығында немесе жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүрміз. Арамызда көп балалы отбасылар бар, кішкентай балалары бар жанұялар жүр, біз суға кеткен үйге оралғымыз келмейді, онда тұру қауіпті», — деді тұрғындар.
— Қандай да бір нақты жауап естімедім, күн сайын табалдырық тоздырып осында келемін. Күн сайын. Шаршадым, тұратын жерім жоқ. Мені қалалық бөлімге шақырды <…> Мен [су басқан] үйге бармаймын, онда тұру мүмкін емес. Осы уақытқа дейін ешқандай комиссия келмеді. Материалдық шығынға 22 миллион теңге төлеуді талап етеміз, моральдық шығын да сұраймын, — деді әкімдікке барған Дамиля Мурсалимова.
Оралдағы саяжай тұрғыны Нұрхат Иманов тасқыннан зардап шеккен басқа жандармен әкімдік алдына үй сұрауға келгенін айтты. «Баспана бойынша нақты шешім қабылданған жоқ» дейді ол.
«Жұмыс істейміз бе, осылай әкімдік алдына келеміз бе, белгісіз. Отбасымызды бағуымыз керек. Әке-шешем, жақын туысқандарыммен жан-жақта жүрміз. Бізге үй керек. Нақты шешім қабылдануы керек. Үйіміз әлі суда тұр. Комиссия қашан келеді? Су қашан кетеді? Қанша жүретініміз де белгісіз. Нақты шешім шығарып, бізге үй берсін. Ерігіп, айқай шығарайын деп келген жоқпыз» деді саяжай тұрғыны Иманов.
Тұрғындар 21 мамырда әкімдік алдына қайта баратынын айтып, «сол жерде түнейміз, басқа барар жеріміз жоқ» деп тарасқан.
Бүгін тұрғындардың кейбірін полиция эвакуация орталығынан ұстап әкеткен. Тағы бірнешеуін бөлімшеге шақыртқан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі әкімдік алдындағы акциядан кейін ешкімді жауапқа тартпайтынын мәлімдеді.