БҚО-ның 31 мың тұрғыны тұрғын үйге кезекте тұр
Әзірге тек 114 адам пәтер алған.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БҚО энергетика және ТКШ басқармасының орынбасары Қанат Өміралиев тұрғын үйге кезекте 31 685 адам тұрғанын, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 18 553 отбасы және 4073 көпбалалы отбасы тұрғанын хабарлады.
Өміралиевтің айтуынша, 2024 жылдың бірінші мамырында облыста 114 адам пәтер алған. Сондай-ақ, биыл 1216 пәтерлік 12 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, оларды қаржыландыру «Отбасы банк»АҚ арқылы жүзеге асырылады. «Бақытты Отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың наурыз айында 80 пәтерлік үй тапсырылды. Өткен жылы облыс бойынша 152 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
— Биыл облыстық бюджеттен 400 миллион тұрғын үй сертификаты бөлінді. Оның ішінде Орал қаласына 240 миллион, Бөрлі ауданына 50 миллион, ал қалған аудандарға әрқайсысына 10 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі жағдай бойынша 37 азаматқа жалпы сомасы 35 810 млн теңгеге сертификаттар берілді. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл төрт санаттағы адамдарға үйді жалға алу үшін өтемақы алуға мүмкіндік берді. Мұндай төлемдерге құқығы бар санаттарға 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар және көп балалы отбасылар жатады. Бұл төлемдер өтеусіз негізде жүзеге асырылады және тұрғын үй жағдайын жеңілдетуге бағытталған, — деді Қанат Өміралиев.
Басқарма басшысының орынбасары жеке қордан жалға алынған тұрғын үй үшін төлем екіге бөлінетінін түсіндірді: 50% бюджеттен, ал 50% жалға алушылар есебінен. Биылғы жылы облыстық бюджеттен жалдау ақысын төлеуге 50 миллион теңге бөлінді және қазіргі уақытта 174 жалдау шартына қол қойылды және 4,8 миллион теңге пайдаланылды.