Батыс Қазақстанда қуаңшылық бола ма: синоптиктер болжамы қандай
Батыс Қазақстан облысында маусым айының орташа температурасы +22,8+26,2°С шамасында болмақ, бұл нормадан (+20,5+23,9°С) немесе орташа көпжылдық көрсеткіштен 2 градусқа жоғары.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалы гидрометеоролиялық мониторинг бөлімінің бастығы Айдана Меңдібаеваның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, алғашқы онкүндікте ауа температурасы түнде +8+13°С-тан облыстың батысында +17°С-тан +16+21°С-қа дейін, күндіз +28+33°С-тан +33+38°С-қа дейін жоғарыламақ.
Айдана Бауыржанқызының сөзіне қарағанда, екінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде +8+13°С-қа дейін, күндіз +25+30°С-қа дейін төмендейді. Содан кейін ауа температурасы түнде +14+19°С-қа дейін, облыстың оңтүстігінде +24°С-қа, күндіз +31+36°С-қа дейін, облыстың оңтүстік-батысында +28°С-қа дейін жоғарылауы болжанады.
Үшінші онкүндікте ауа температурасының түнде +11+16°С-тан +17+22°С-қа дейін, күндіз +25+30°С, облыстың солтүстік-шығысында +21°С-тан +31+36°С-қа дейін ауытқуы ықтимал.
«Жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде, яғни Жәнібек, Жаңақала, Тасқала, Ақжайық және Қаратөбе аудандарында нормадан аз болады. Ал облыстың солтүстік-шығысында норма (17-39 мм) шамасында күтіледі. Бірінші, екінші онкүндіктің соңында және үшінші онкүндіктің ортасында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндікте шаңды дауыл тұрмақ. Үшінші онкүндіктің ортасында дауыл соғып, бұршақ жаууы ықтимал», деді А.Меңдібаева.
Оның айтуынша, облыс бойынша маусым айында Казталов ауданында орташа құрғақшылық болуы мүмкін. Өңірдің қалған аумағында норма шамасында.
«Маусым-тамыз аралығындағы маусымдық болжамға келетін болсақ, облыста маусым айында ауаның орташа айлық температурасы +20,5…+ 23,9 °С, яғни нормадан жоғары, жауын-шашын қалыпты мөлшерден кем болмақ. Шілде айында орташа температура +22,7…+ 26,2 °С аралығында, жауын-шашын нормадан жоғары болмақ. Тамызда температура да (+21,1…+ 24,4 °С), жауын-шашын мөлшері де қалыпты болмақ», деді А.Меңдібаева.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, облыстың Бөкей ордасы, Жәнібек сияқты оңтүстік аудандарында көптен бері жаңбыр жаумай тұр. Бұл шөптің шығымына да әсер етуде.