БҚО-да мал шығындары үшін 151,6 млн теңге төленген
Облыс бойынша барлығы 2 457 бас мал шығыны расталған.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Зұлқашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, аудан мен қала әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес су тасқыны салдарынан 4 955 гектар дәнді дақылдар, 5,1 га бау-бақша, 2,1 га жылыжай және құлпынай егісіне зақым келді.
Оның сөзіне қарағанда, 17 мамырда өсімдік шаруашылығы саласында су тасқыны салдарынан келтірілген залалды өтеу қағидалары бекітілді.
«Қазіргі таңда аудандарда қағидаға сәйкес комиссиялар құрылып, жұмыс жасап жатыр. Күні бүгінге дейін 24 өтінім түсті. Зардап шеккен әр нысан бойынша технологиялық карталар жасалып, ғылыми-зерттеу институтымен келісіледі. Содан кейін комиссиялар шығынды есептеп, тиісті қорытынды шығарады», — деді Р.Зұлқашев.
Басқарма басшысының айтуынша, мал шығындары толықтай өтелді. Атап айтқанда, 139 өтінімге сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру жүйесінде тіркелген 1 171 бас (219 ірі қара, 680 қой-ешкі, 63 жылқы, 71 шошқа, 138 үй құсы) мал үшін 151,6 млн теңге төленді.
«Ал ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру жүйесінде тіркелмеген мал бастарына шығынды өтеу бюджеттік емес көздерден жүргізілді. Облыс бойынша барлығы 2 457 бас мал шығыны расталса, соның ішінде аталған жүйеде тіркелген 1 171 бас бойынша ешқандай әңгіме болған жоқ. Ал есепте жоқ 1 286 бас мал шығынының орнын толтыруға жергілікті шаруашылықтар мен тұрғындар көмектесті. Бұл ретте Казталов және Жәнібек ауданы тұрғындарының белсенді жұмысын атап көрсетуге болады», — деді Р.Зұлқашев.
