БҚО-да екпіні күшті жел шатырларды жұлып, электр бағандары құлатты
Оқиға орындарында жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары жұмыс жасап жатыр.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 9 маусым күнгі сағат 20.00-дегі мәлімет бойынша Сырым ауданында Аралтөбе (50 абонент, 2 әлеуметтік нысан), Бұлан (176 абонент, 7 әлеуметтік нысан), Өлеңті (100 абонент, 2 әлеуметтік нысан), Талдыбұлақ (46 абонент, 1 әлеуметтік нысан), ішінара Алғабас (43 абонент, 3 әлеуметтік нысан) елді мекендерінде, сондай-ақ Теректіде Ақсоғым ауылында (531 абонент, 4 әлеуметтік нысан) электр жарығы қалпына келтірілді.
«Қазіргі кезде Сырым ауданында Алғабас елді мекенінде 19 абонент, Теректіде Үлкен Еңбек ауылында 385 абонент, 3 әлеуметтік нысан жарықсыз қалып отыр. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Департамент мәліметіне сәйкес сонымен қатар 6 маусым күні облыстың алты ауданында 25 елді мекенде екпіні секундына 14-тен 18 метрге дейін жеткен күшті жел 67 жеке тұрғын үй, 14 қора-қопсы, 18 әлеуметтік нысанның шатырын жұлып әкетті. Оқиға орындарында жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындары жел ауылдың көптеген үйлеріндегі шатырларды қиратқанын хабарлады. Көшелер мен аулалар шифер сынықтарымен толы, – дейді олар.